2015 жылдың 14 наурызында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова АИТВ/ЖИТС жөніндегі БҰҰ Бірлескен бағдарламасының Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша Ізгі ниет елшісі, әнші, актриса және тележүргізуші Вера Брежневамен кездесті. Кездесуде министр атап өткендей, Қазақстан Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері ішінде АИТВ-инфекциясы аз тараған елдердің қатарына жатқызылады. Қазіргі уақытта республикада АИТВ-инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Республикада осы кезге дейін ел азаматтары арасында 22109 АИТВ-инфекциясы жағдайы тіркелді.
Жыл сайын тұрғындардың 10%-дан астамы тексеріліп, АИТВ-инфекциясын анықтауға бағытталған 2 млн.-нан астам тест жүргізіледі. Және азаматтарды инфекцияға зерттеу, сондай-ақ, қатерлі дертті жұқтырғандарды емдеу толықтай бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.Вера Брежнева өз кезегінде, Ізгі ниет елшісі ретінде қызметінде АИТВ дертін жұқтырған әйелдерге және вирустың анадан балаға берілуінің алдын алу проблемаларына ерекше көңіл бөлетінін жеткізді. Ол Қазақстан АИТВ/ЖИТС дертіне шалдыққан науқастарды мемлекет есебінен емдейтін Орталық Азиядағы алғашқы және жалғыз мемлекет екеніне тоқталды. «Ең маңыздысы, сіздерде бұл салада жағдай бақылауда. Сіздердің қол жеткізген нәтижелеріңіз – үлкен жетістік. Қазақстанда өз азаматтары үшін жасалып жатқан қамқорлық жоғары деңгейде»,-деді ол.
Қазіргі уақытта республикада ЮНЭЙДС ұйымының Үшбірлікті қағидалары: бірегей салалық бағдарлама, мониторингілеу және бағалау жүйесі және бірегей үйлестіруші тетік сәтті іске асырылуда.
Орталық Азияда алғаш рет Қазақстанда АИТВ-инфекциясы жағдайларын бақылайтын электрондық қор енгізілді. Бұл жүйе жүргізілген емнің уақыттылығы мен сапасын бақылауға, елдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылауға мүмкіндік береді, АИТВ инфекциясының анадан балаға жұғуына жол бермеу бағытында елеулі жетістіктерге қол жеткізілді.
Кездесу жұмысында сондай ақ «АӨА қазақстандық одағы» ОЮЛ президенті, Астана қаласы ЖИТС орталығы, «Шапағат» қоғамдық-қайырымдылық қоры (Теміртау қ.), қоғамдық қор «АӨА аймақтық ассоциациясы» (Шымкент қ.) өкілдері қатысты.