Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын тойлау қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы ұжымының ұйымдастыруымен «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» тақырыбында әдеби-танымдық кеш өтті. Кешті орталықтың бас дәрігері Сәбит Бекмағамбетұлы Абдраимов ашып, құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шара барысында Абай атамыздың ұлы Ақылбайдан тараған ұрпағы, жиеншары Ләйлә Мұхлесқызы Баймағамбетова апайымызбен кездесу ұйымдастырылды. Ләйлә Мұхлесқызы ұлы ақынның өмір жолына, шығармашылығына тоқталып, Абай атамыз туралы тың деректер, естеліктер айтып берді. Және апайымыздың кішкентай немересі Ақбаян Нұрланқызы Абайдың бірнеше өлеңдерін жатқа айтып, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, Орталық қызметкерлері Ұлы ақын мұрасын үш тілде оқып, ән шырқады. Мұндай кештер тек рухани байытуға ғана емес, ұлы Абай туралы естелікті сақтауға мүмкіндік береді. «Абай шығармашылығы -уақытқа бағынбайды, менің ойымша, бұл нағыз өнердің шыңы, оның шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған, сондықтан мен Қара сөзді ағылшын тілінде оқуды шештім», - дейді жас дәрігер Бинур Оразумбекова.
Кеш соңында орталық ұжымы асылдың сынығы, Ұлы хакімнің ұрпағы Ләйлә Мұхлесқызына алғыстарын білдірді.