«Біз ЮНЭЙДС-тің бастамасын қолдай отырып, өз үлесімізді қосамыз. Аталмыш күнді белгілеу арқылы - қоғам, сондай-ақ әрбір адам өзінің адами құндылығын сақтай отырып, толыққанды және продуктивті өмір сүруге тең құқығы барын көрсетуге қол жеткіземіз», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бөлім меңгерушісі Жанна Айтмағанбетқызы. Маманның айтуынша, ешбір адамды оның жынысы, гендерлік және нәсілдік ерекшелігі, жасы, мүгедектігі, этникалық шығу тегі, сондай-ақ жыныстық көзқарасы, діни нанымы, денсаулық жағдайы және басқа да белгілер бойынша кемсітуге болмайды. «Өкінішке орай, қазіргі қоғамда осындай кемсіту жолдары жоқ емес, кездеседі. Көп жағдайда кемсітушілік АИТВ-ның жұғу жолдарын білмегендіктен және осы ауру туралы эпидемия басталғалы жалған ақпарат қалыптасқаннан пайда болады. Оның салдары біздің мамандарымызға алдын алу жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп жатады», - дейді дәрігер.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы ЖИТС орталығында 1323 науқас диспансерлік есепте тұр, оның ішінде жасы кәмелетке толмағандар - 22. Медицина мамандары айтуынша АИТВ-мен өмір сүретін адамдар Қазақстан Республикасының және жергілікті атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, тиісті медициналық және әлеуметтік көмекті алуда.