2021 жылдан бастап әлем АИТВ-ға қарсы іс-қимыл шараларына кедергі келтіретін және халықтың негізгі топтарын қорғаусыз қалдыратын қылмыстық заңдарды жоюға бағытталған заңнаманы реформалаудың өршіл мақсатын қойды. Декриминализацияны АИТВ-ға қарсы іс-қимылдың маңызды бөлігі ретінде мойындай отырып, көптеген елдер 2025 жылға қарай АИТВ-ға қарсы іс-қимыл шараларына әсер ететін жазалаушы құқықтық және саяси жүйесі бар елдердің санын 10% - дан азға жеткізуге міндеттеме алды.
ЮНЕЙДС-тің ақпараты бойынша, қазіргі уақытта 134 елде ауруды жасыру, АИТВ-инфекциясын тарату немесе жұқтыру үшін адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартады немесе басқа жолмен қудалайды, 20 елде трансгендерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартады және/немесе қудалайды, 48 мемлекет әлі де өз аумағына кіруге АИТВ-мен өмір сүретін адамдар үшін шектеулер енгізуде, ал 53 елде міндетті түрде АИТВ-ға тестілеу қажет, мысалы, неке туралы куәлік алуға немесе белгілі бір кәсіби салада жұмыс істеуге. Әлемнің 106 елінде жасөспірімдердің АИТВ-ға тестілеуге қол жеткізуіне ата-аналардың келісімі қажет.
Астана қаласы АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығында атап өткендей, кемсітушілікті жою кешенді түрде жүргізілуі және аурудың алдын алу шаралары туралы халықты ақпараттандыруға, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың құқықтарын сақтауға, халықтың негізгі топтарының профилактикалық және медициналық қызметтермен қамтылуына қол жеткізуге және кеңейтуге негізделуі тиіс. Кемсітушілік сияқты үлкен кедергіні жойған жағдайда ғана, АИТВ-инфекциясының алдын алу және медициналық күтімнің тиімділігіне қол жеткізуге болады.
АИТВ-ға байланысты кемсітушіліктің қандай да бір түрлеріне жол бермеу туралы мемлекеттің кепілдіктері Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде заңнамалық деңгейде бекітілген. Елімізде ЮНЭЙДС-тің "95-95-95" стратегиясы жүзеге асырылуда, ол АИТВ-инфекциясының алдын алуды, тестілеуді, емдеуді және күтімді қамтамасыз етуге бағытталған.
Астана қаласы АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының директоры Сабит Абдраимовтың айтуынша, тестілеу стратегиясын, күтім және емдеу бағдарламаларын іске асырудың арқасында, қалада АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 92%-ы өз мәртебесі туралы біледі, олардың 82%-ы антиретровирустық терапия қабылдайды және олардың 87%-нда вирустық жүктеме басылған. Ол сондай-ақ АИТВ-мен ауыратын әйелдердің жүктілікті жоспарлау, босану әдістері және т.б. мәселелерінде таңдау құқығы бар екенін, АИТВ-мен ауыратын балаларға білім беру ұйымдарына бару құқығы қамтамасыз етілетінін, АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығында халықтың негізгі топтарының өкілдеріне АИТВ және ЖЖБИ диагностикасы, алдын алу және емдеу бойынша барлық қызметтер қолжетімді екенін атап өтті.