2020 жылдан бастап «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Кодексі қабылданғаннан бері Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және тұруға ықтиярхаты бар шетелдік азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызметтер алуға құқығы бар. ТМККК қызметтерінің тізбесіне АИТВ-мен ауыратын адамдарға медициналық, профилактикалық және дәрілік көмек көрсету жөніндегі қызметтер кіреді. Сондай-ақ заңнамаға сәйкес шетелдік азаматтар кенеттен жіті аурулар мен жағдайлар туындаған кезде стационарлық жағдайда тегін медициналық көмек алуға құқылы. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы елде уақытша тұратын АИТВ-инфекциясы бар шетелдік азаматтарға антиретровирустық терапияны тегін алуға мүмкіндік бермейді.

Қазақстан АИТВ-инфекциясының таралуын төмендету жөніндегі іс-шараларды тұрақты қаржылық қолдауға қол жеткізу бойынша дәйекті саясат жүргізуде. Жыл сайын АИТВ-мен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсетуге, АРВ препараттарын сатып алуға, халықты АИТВ-ға тексеруге және профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыратын Достық кабинеттердің, сенім пункттерінің қызметін қаржыландыруға республикалық бюджеттен қаржыландыру ұлғая түсуде. Бұдан басқа, жергілікті бюджеттерден мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды, АИТВ-инфекциясының таралуын тежеу және емдеуге бейімділікті күшейту жөніндегі гранттарды іске асыруға қаражат бөлінеді. АИТВ-ға қарсы іс-шараларды тұрақты қаржыландыруға және іске асыруға қол жеткізуде елеулі көмек 2021-2023 жылдарға арналған ЖИТС, туберкулез және безгекке қарсы күрес жөніндегі Жаһандық қордың грантын іске асыру аясында көрсетіледі.

2021 жылдан бастап Қазақстанда шетелдік АИТВ-позитивті мигранттар қатарынан 170-ке жуық адам Жаһандық қордың қолдауымен Қазақстан Республикасындағы АИТВ-ны емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес облыстық және қалалық АИТВ-ның алдын алу орталықтарында консультация беруді, АРВТ және зертханалық мониторингті қоса алғанда, медициналық көмек алуды жалғастырды. Сонымен қатар АРВТ алатын адамдардың саны жыл сайын азаятын болады. Осылайша 2022 жылдың соңына қарай АРВТ алатын АИТВ-мен ауыратын мигранттар саны 120, ал 2023 жылдың соңына қарай - 50 болады. Өкінішке орай, терапияда 170 пациентті қалдыру және АИТВ орталығына мұқтаж және жүгінетіндерді қабылдау мүмкін емес, өйткені Жаһандық қор грантының қаражаты есебінен препараттарды сатып алу пациенттердің осы санына қатаң есептелген.

        Шетелдік тұлғаларға медициналық көмек көрсету «Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 665 бұйрығымен реттеледі, оған сәйкес Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер ТМККК және МӘМС тізбесіне кірмейтін медициналық қызметтерді ақылы негізде алады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған ерікті медициналық сақтандыру шеңберінде немесе қосымша қаржыландыру көздері есебінен ала алады. Қазақстан Республикасына білім алу мақсатында келген және оның тұрғылықты елі берген АИТВ-инфекциясы мен туберкулезге зерттеулер нәтижелері бар медициналық анықтамасы жоқ шетелдіктер ақылы негізде медициналық тексеруден өтеді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты және уақытша тұратын шетелдіктердің ТМККК аясында АИТВ-инфекциясының мәселелері бойынша ерікті түрде анонимді және (немесе) құпия медициналық тексеруге және кеңес беруге заңды құқығы бар.

Елде АИТВ-инфекциясының анадан балаға берілу қаупін азайту шараларына ерекше назар аударылады. АИТВ-инфекциясы бар аналардан туылған диагнозы анықталмаған балалар ТМККК аясында тұрақты бақылауға және дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі. АИТВ-мен ауыратын шетелдік әйелдер босанғанға дейін және босану кезінде тегін тестіленуге құқылы. Үшінші триместрдегі жүкті әйелдерде ПТР сынағы (АИТВ РНҚ) оң нәтиже бергенде, АРВТ тегін тағайындалады.

Бұдан басқа 2020 жылдан бастап бас бостандығынан айыру орындарында сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан, ұсталған, қамауға алынған және арнаулы мекемелерге орналастырылған адамдарға медициналық көмек көрсету мәселесі шешілді. Бұл норма Қазақстан Республикасының пенитенциарлық мекемелерінде орналасқан АИТВ-мен ауыратын шетелдіктерді тегін АРВТ-мен қамтамасыз ету мәселесін шешуге мүмкіндік берді.

Осылайша Қазақстан аумағында тұрақты тұратын және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ТМККК аясында Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде медициналық көмек алуға, оның ішінде медициналық көмекке және АРВТ-ға тегін негізде қол жеткізуге рұқсат берілді.