АИТВ/ЖИТС бойынша БҰҰ-ның бірлескен бағдарламасы - ЮНЭЙДС-тің бастамасымен 1 наурыз «Кемсітушілікке жол жоқ» күні ретінде белгіленді. Ондағы мақсат қоғамда кемсітушілікті түп тамырымен жою қажеттілігіне көңіл аударту. Мәселен, көптеген елдерде дискриминациялық заңдардың кесірінен, адамдар құқықтық теңсіздікке ұшырап негізгі қызметтерге қол жеткізе алмауда. Мұндай заңдар адамның құқығы мен еркіндігіне шектеу болып табылады. Мысалы қазіргі таңда әлемнің 20 - дан астам елінде АИТВ жұқпасы бар адамдардың еркін жүріп тұруына шектеулер әлі де жалғасуда. Ал, көптеген мемлекеттерде АИТВ жұқпасы бар әрбір бесінші адам медициналық көмекке жүгіне алмауда. Осындай көптеген келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында БҰҰ-ның 2014 жылғы 1 наурыздағы шешімімен “Кемсітушілікке жол жоқ” деп аталатын жаңа дата қабылданды.

День ноль дискриминации

«Біз ЮНЭЙДС-тің бастамасын қолдай отырып, өз үлесімізді қосамыз. Аталмыш күнді белгілеу арқылы - қоғам, сондай-ақ әрбір адам өзінің адами құндылығын сақтай отырып, толыққанды және продуктивті өмір сүруге тең құқығы барын көрсетуге қол жеткіземіз», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бөлім меңгерушісі Жанна Айтмағанбетқызы. Маманның айтуынша, ешбір адамды оның жынысы, гендерлік және нәсілдік ерекшелігі, жасы, мүгедектігі, этникалық шығу тегі, сондай-ақ жыныстық көзқарасы, діни нанымы, денсаулық жағдайы және басқа да белгілер бойынша кемсітуге болмайды. «Өкінішке орай, қазіргі қоғамда осындай кемсіту жолдары жоқ емес, кездеседі. Көп жағдайда кемсітушілік АИТВ-ның жұғу жолдарын білмегендіктен және осы ауру туралы эпидемия басталғалы жалған ақпарат қалыптасқаннан пайда болады. Оның салдары біздің мамандарымызға алдын алу жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп жатады», - дейді дәрігер.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы ЖИТС орталығында 1323 науқас диспансерлік есепте тұр, оның ішінде жасы кәмелетке толмағандар - 22. Медицина мамандары айтуынша АИТВ-мен өмір сүретін адамдар Қазақстан Республикасының және жергілікті атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, тиісті медициналық және әлеуметтік көмекті алуда.