Іс-шараның мақсаты АИТВ-инфекциясына қатысты жасөспірімдерге кеңес беру, кәмелетке толмағандар мен Жастар денсаулық орталықтарына жүгінетін адамдарды тексеру қағидалары мен тәртібі, жасөспірімдер кезеңінің психологиялық ерекшеліктері мәселелері бойынша медицина жұмыскерлерінің білім деңгейін арттыру.
Астана қаласы әкімдігінің «АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК директордың эпидемиологиялық мәселелер жөніндегі орынбасары С.Б. Мусина құттықтау сөзбен конференцияны ашты. АИТВ инфекциясын эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Б.К.Құлтанова «Жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктері және жасөспірімдерге АИТВ-инфекциясы бойынша кеңес беру ерекшеліктері» презентациясын қатысушыларға ұсынды.
АИТВ инфекциясын эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің эпидемиолог дәрігері Э.С. Тулепбаева 2024 жылғы 10 айдағы Астана қаласы бойынша АИТВ-инфекциясының эпидемиологиялық жағдайына, балалар мен жасөспірімдер арасындағы АИТВ-мен сырқаттануға шолу жүргізді.
Конференцияда «МСАК РО» ШЖҚ МКК «Өзіңді тап» ЖДО-ның гинеколог дәрігері А. Жұмат, «№ 1 қалалық емхана» ШЖҚ МКК «Нұр» ЖДО-ның дерматовенеролог дәрігері Г.Д. Құлдашева, «№ 6 қалалық емхана» ШЖҚ МКК «Жас Талап» ЖДО-ның психологы Л.В. Малиновский сөз сөйледі.
Қатысушылар жасөспірімдер мен жастар арасындағы қауіпті жағдайлардың мүмкін болатын кейстері мен модельдерін, АИТВ-ға жедел тестілеудің көрсеткіштері мен АИТВ-ның алдын алудың басқа да аспектілерін талдады.