2023 жылғы 18 мамырда Park Inn қонақ үйінде Астана қалалық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының ұйымдастыруымен «АИТВ-ның анадан балаға жұғуының алдын алу» тақырыбында семинар–тренинг өтті. Іс-шараға қалалық емханалардыңакушер-гинекологтары мен жалпы практика дәрігерлері қатысты.
АИТВ-ның анадан балаға берілуі медицина саласының кез келген маманының алдындағы жауапты мәселе. Мамандар осындай кездесулерде пікір алмасып, тәжірибе бөлісе отырып, АИТВ-мен тіркеуде тұрған аналарымызға сәби сүю мүмкіндігін тудыра отырып, өмірге келетін нәрестелердің сау болып туу жолдарын көбейтуді көздеуде. АИТВ орталығының емдік көмек бөлімінің меңгерушісі А.Сергалиеваның айтуынша, АИТВ жұқпасының анадан балаға берілуі көбінде науқастардың дәрігерлер кеңесіне құлақ аспауынан және диагноздың анықталған уақытына тікелей байланысты. Кейбір жағдайда болашақ аналар қойылған диагнозға сенбейді. Сол себепті емдеу шараларын ертерек бастауға кедергілер туындайтынын атап өтті. Ал АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының директорының орынбасары Салтанат Берікқызы, «Біздің сіздермен бірлесе отырып атқарған жұмысымыздың нәтижесінде бала туу жасындағы әйелдерде жүктілікті жоспарлау және АРТ қолдану арқылы ана болу мүмкіндігі бар. Соңғы 20 жылдан астам уақыт ішінде АРТ арқасында Астана қаласында АИТВ-мен ауыратын әйелдерден 200-ден аса сау бала дүниеге келген. Бұл, еліміздің АИТВ-инфекциясын анадан балаға жұғудан бос мемлекет атағын алуға, зор ықпал етеді» деді.
Сонымен қоса сала мамандары АИТВ-мен өмір сүретін әйелдерде босану әдісін таңдаудың себептерін, анадан балаға АИТВ-ның алдын алу жөніндегі іс-шаралардың маңыздылығын, баса айтқанда АИТВ-ы оң статусы бар жүкті әйелдерге міндетті түрде жоғары тиімді антиретровирустық терапиясын (АРВТ) қабылдау шартын талқылады.
Іс-шара Дүниежүзілік ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күніне арналған апталық аясында өтті.